Обратная связь
×

Обратная связь

Ала доп аламанының ауқымы артып келеді

    02 декабря 2019 в 00:07
  • 0
  • 26
  • 0
  • 0
  • 26
  • 0

Қарашаның 27сі мен желтоқсанның 1-і аралығында Қасым Қайсенов кентінде «Жастар жылы» аясында және спорт ардагері Азамат Жакуповты еске алуға арналған волейболдан VII ашық облыстық турнир өтті.

Айта кетейік, Ұлан ауданы Никитинка ауылының тумасы, атақты жерлесіміз Азамат Жакупов ҚазССР Мемлекеттік спорт комитеті министрінің бірінші көмекшісі қызметін атқарған. 1983 жылы Мәскеу қаласында өткен жастар мен студенттердің Дүниежүзілік фестивалі, 1985 жылы Италияда өткен Бүкіләлемдік Универсиаданың қатысушысы.

Ала доп аламанының ауқымы артып келеді

Осы орайда спорт саласына қосқан сүбелі үлесі үшін ауданның атымтай жомарттары, туған-туыстары биыл да ауқымды турнир өткізуді жөн санаған екен. Жарыстың салтанатты ашылуына Азамат Жакуповтың туыстары, достары, замандастары, спорт ардагерлері және аудандағы мемлекеттік орган қызметкерлері қатысты. Алдымен аудан әкімінің орынбасары Нұржан Абдыкаримов жарыс шымылдығын ашып, спортшылардан тартысты да сапалы ойын күтетіндігін жеткізді.

Ала доп аламанының ауқымы артып келеді

Аталмыш сайысқа 2003-2004 және 2005-2006 жылдары туған қыздар қатысты. Республика және облысымыздан 15 команда сапындағы 150 спортшы сыңға түсті. Ашық облыстық турнир болған соң, облыстағы командалардан бөлек, сонау Екібастұз бен Талғар шаһарларынан волейболшылар келіп, сайыс көркін қыздыра түсті. Десе де 2003-2004 жылдары туған қыздар арасында өңірдегі Спортта дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернат колледжіне тең келері болмады. Олардың ізін ала, талғарлықтар екінші, екібастұздықтар тиісінше үшінші орыннан көрінді.

Ала доп аламанының ауқымы артып келеді

Төрешілер тарапы бірқатар қатысушыларды көрсеткен ойын өрнегіне қарай арнайы марапаттауды жөн көрді: «Үздік қорғаушы» – Гүлім Тусупова (Өскемен қаласы); «Үздік байланыстырушы» – Мөлдір Нурлан (Екібастұз қаласы), «Үздік шабуылшы» – Надежда Иванченко (Талғар қаласы); «Үздік техникасы үшін» – Айсұлу Мұхтарқызы (Талғар қаласы), «Үздік ойыншы» Анель Таурбекова (Өскемен қаласы). Сонымен қатар сайыстың «Үздік жаттықтырушысы» аталымына Екібастұз қаласынан Борис Кузнецов ие болды.

Ала доп аламанының ауқымы артып келеді

Ал 2005-2006 жылдары туған қыздар арасында үздік үштікке бірыңғай шығысқазақстандық ұжымдар жайғасты. Айталық, Үржар ауданы – бірінші, «Ұлан 1» (Қ. Қайсенов кенті, жаттықтырушы Е.Д. Карменов); командасы – екінші және «Ұлан 2» волейболшылары (Асубұлақ кенті және Мамай батыр ауылы, жаттықтырушылары Аучинов О.Е. және Қуанғанов С. Н.) жүлделі үштікті қорытындылады. Ал аталымдар бойынша ойыншылар келесідей марапатталды: «Үздік тосқауылшы» – Анель Кабделова (Мамай батыр ауылы); «Үздік либеро» – Қарашаш Мұқатаева (Сағыр ауылы); «Үздік байланыстырушы» – Аяулым Есжанова (Қ.Қайсенов кенті), «Үздік шабуылшы» – Рабиға Бекбауова (Асубұлақ кенті) және «Үздік техникасы үшін» Жанель Нұрғазиева (Үржар ауданы) ерекшеленді.

Ала доп аламанының ауқымы артып келеді

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері құрметті грамота, медальдар, кубоктар және демеушілердің бағалы сыйлықтарымен марапатталғанын айта кеткен орынды.

Ұлан ауданы БЖСМ әдіскері Назгүл Үйсембаева

Теги: спорт

Читайте также

0 комментариев